blog Images

РАНТ мүшесі Маңғыстауда бірқатар рухани іс-шараға қатысты

ҚМДБ РАНТ мүшесі Серікхан Рымханұлы Ахмадиев Маңғыстау облысына жасаған іссапары барысында бірқатар рухани-ағартушылық іс-шараға қатысып, жамағатпен кездесті.

Іссапар аясында РАНТ мүшесі Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде жұма уағызын айтып, жамағатқа «Адал еңбек – береке кілті» тақырыбында насихат жүргізді.

Сондай-ақ Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде өткен «Дін мен дәстүр – ұлттық тәрбиенің қос тірегі» атты семинарға қатысып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық тәрбиені нығайту және дәстүрлі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мәселелері бойынша ой бөлісті. Жиында отбасы институтын нығайту, ұрпақ тәрбиесі, той өткізу мәдениеті және ысырапшылдықтың алдын алу тақырыптары қозғалды.

Бұдан бөлек, Жаңаөзен қалалық мешітінде жамағатқа «Отбасы құндылықтары» тақырыбында тағылымды уағыз айтты. Насихат барысында ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілік, ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеті, шаңырақтағы татулық пен берекенің маңызын түсіндірді.

Рухани кездесулердің негізгі мақсаты – діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамда имандылық пен ізгілік қағидаттарын кеңінен насихаттау.