blog Images

ЖАНТ мүшесі «Миғраж» мешітінде уағыз айтты

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ЖАНТ мүшесі,»Әль-Хаким» мешітінің бас имамы Шәденов Айғабыл Дәуірханұлы Мұнайлы аудандық орталық Миғраж мешітінің жамағатымен жүздесіп,»Ғайыпқа иман келтіру» тақырыбында уағыз айтты.

Ислам діні бойынша ең қуатты иман – ғайыпқа сену. Яғни, көрмеген нәрсесіне сену деген сөз. Бұл да Аллаға және  Оның  Елшісі  Хазіреті  Мұхаммедке  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!),  оның әкелген хабарларына шын жүректен күмәнданбастан сенумен жүзеге асады.

Әсілінде, иман етудің ең маңызды шарты көзге көрінбеген нәрселерге, яғни ғайып әлеміне сенуден  тұрады.  Адам  баласы  ғайыпқа  иман  келтіру арқылы шынайы мумин сипатын алатындығын мына аят растайды:

«Сондай олар көмеске (ғайыпқа) иман келтіреді»(2.Бақара-3). Адам көзге көрінетін барлық нәрсеге сенетіндігі сөзсіз. Бірақ, көзге көрінбейтін нәрсеге сену әркімнің қолынан келе бермесі анық.

Алла біздерге ғайыпқа сенуді бұйырады, яғни алдымен Алла өзіне сенуді, періштелеріне сенуді, ақырет күніне сенуді, ақыретте болатын есеп-қисапқа сенуді әмір етеді.  Бұлар,  әлбетте  ғайып  әлеміне  жатады.  Алланы ешкім көзімен көрген жоқ, періштені адам көре алмайды және өлгеннен кейінгі өмірге ешкім барып-келмеді.