«Уақып-сарқылмас қазына»: «Шаңырақ» мешітінде жаңа су құдығы бұрғыланды
Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің аумағында бұрынғы су құдығының істен шығуына байланысты жаңа су құдығын бұрғылау және су шығару жұмыстары жүргізілді.
Жаңа құдықтан алынатын су мешіт дәретханасының қажеттіліктеріне, мешіт ауласындағы ағаштар мен гүлдерді суаруға және басқа да шаруашылық жұмыстарына пайдаланылуда.
Жанашыр жамағаттың Уақып ретінде жасалған бұл игі іс мешіттің күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, аумақтың тазалығын сақтауға және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге үлкен септігін тигізеді.
Ислам дінінде ел игілігіне арнап дүние-мүлкін уақып ету — сауабы үзілмейтін қайырлы істердің бірі. Әсіресе, халықтың суға деген қажеттілігін өтеуге үлес қосу — маңызы зор сауапты амал.
Осы игі істің жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға Алла Тағала разы болсын! Еткен еңбектеріңізге береке беріп, уақыфтарыңызды садақа жариядан жазғай!
Су — тіршілік көзі. Ал ел игілігіне арналған уақып — ұрпаққа қалатын сауапты мұра.
