«Шаңырақ»мешітінде әйел жамағатымен бірге Мәуліт кеші өтті
Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің әйелдер дәрісханасында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өнегелі ғұмыры мен көркем мінезін ұлықтауға арналған «Көркем мінездің кемелі»атты рухани-танымдық Мәуліт кеші ұйымдастырылды.
Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – жамағатқа Алла елшісінің өмір жолын, көркем мінезі мен адамзатқа қалдырған өшпес өнегесін кеңінен насихаттау, діни білімді арттыру және Пайғамбарымыздың сүннетіне деген сүйіспеншілікті жүректерде жаңғырту.
Кешке арнайы қонақ ретінде Түпқараған ауданы әйел жамағатының ұстазы Динар Тағабекқызы қатысып, Пайғамбарымыздың көркем мінезі, отбасындағы қарым-қатынасы, адамдармен ізгі мәмілесі мен сүннетті ұстанудың маңызы жайында мазмұнды әрі әсерлі уағыз-насихат айтты.
Кеш барысында жамағаттың белсенділігін арттырып, діни білімін бекемдей түсу мақсатында Пайғамбарымыздың өмірі мен сүннетіне байланысты түрлі топтық және жеке танымдық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, өзара білімдерін сынап, тағылымды кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Шараның ерекше бөлімдерінің бірі – тәрбиелік мәні бар көрініс болды. Көрініс арқылы көркем мінездің адам өміріндегі маңызы мен жақсы амалдың жүрекке тигізер әсері көрермендерге әсерлі түрде жеткізілді.
Сонымен қатар сүннетте келген тағамдардан арнайы дастарқан жайылып, әрбір тағамға қатысты аяттар мен хадистерден мәліметтер ұсынылды. Бұл арқылы жамағатқа Пайғамбарымыздың күнделікті өміріндегі қарапайым әрі берекелі амалдар кеңінен таныстырылды.
Мәуліт кеші барысында мешіт жұмысына ұзақ жылдар бойы белсенді түрде атсалысып, қоғамдық және рухани шараларға өз үлесін қосып жүрген жамағат мүшесі Назарова Айжан Назарқызының еңбегі ерекше аталып өтті.
Айжан Назарқызына мешіт қызметіне қосқан үлесі мен белсенділігі үшін Жаңаөзен қалалық мешітінің Бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы Жаңаөзен қалалық мешітінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгіні табыстады.
Жүректерге жылу сыйлаған кеш барысында жамағат Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен ғибрат алып, көркем мінез бен ізгі амалдың маңызын тағы бір мәрте сезінді.
Мәуліт кеші мазмұнды да мағыналы өтіп, қатысушыларға рухани серпіліс сыйлады. Шара соңында барша жамағат үшін дұға жасалып, ізгі тілекпен қорытындыланды.