blog Images

Рамазан-2024: Дайындықты бүгіннен баста

Жақында ғана Рамазан айында ораза ұстап, тарауық намазын оқыған сияқты едік, енді, міне бізді алдағы Рамазаннан 30-ақ күн ғана бөліп тұр. Бізді Алланың өзі ұлық еткен жылдың ерекше мезгілінен, мейірім мен шексіз кешірімнен бір ай ғана ажыратады…

Бұл ұзақ уақыт болып көрінгенмен, 30 күн көзді ашып-жұмғанша өте шығады, сондықтан ештеңеден құр қалмас үшін алдын ала қамданғанымыз жөн.

Биыл Рамазан айындағы оразаның бірінші күні – 11 наурыз*, соңғы күні – 9 сәуірге келеді.

Рамазан айына физикалық және рухани тұрғыдан дайындық керек. Дене жаттығулары – тәніміздің саулығы үшін қажет болса, оразаның қадір-қасиетін ұғыну, сабырлық таныту үшін рухани негіз бола алады.

Мүбәрәк айды барынша тиімді пайдалану үшін алдын ала дайындықты бастау керек. Қазір бұл үшін ең дұрыс уақыт.

Біріншіден, өткен жылдағы оразада өткізіп алған күндеріңіз бар болса, солардың қазасын өтеу керек.

Екіншіден, өткен жылдағы оразаңыз толық болса, белгілі бір күндері нәпіл ораза ұстағаныңыз абзал болады.

Үшіншіден, алдыңызға белгілі бір мақсат қойыңыз. Алдағы келе жатқан Рамазан айынан сіз не күтесіз? Осы айда қандай мақсаттарға қол жеткізгіңіз келеді? Жауаптарыңызды қағаз бетіне түсіріп, үнемі соған сәйкес әрекет етуге тырысыңыз.

Төртіншіден, күнделікті өміріңізге қосымша құлшылықтарды қосыңыз: Құран оқыңыз, нәпілнамаздар оқыңыз, истиғфарды (Алладан кешірім сұрау) көбірек айтуды ұмытпаңыз. Бұл ғибадаттардағы тұрақтылық Алламен рухани байланысыңызды нығайтуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, Рамазан айына қатысты білетін нәрселеріңізді еске түсіріп, қажет жағдайда дін қызметкерлерінен кеңес алыңыз.

Рамазанға дайындық біртұтас көзқарасты қажет етеді және физикалық, рухани және психологиялық аспектілерді қамтиды. Осы нұсқауларды орындау арқылы сіз өз денеңізді, жаныңызды және ақыл-ойыңызды берекелі айға дайындай аласыз.

*Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалды. Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді.

Заир Мұхаммадюсуфұлы

Мұнайшы ауылдық «Ар-Рахим» мешітінің имамы