blog Images

ҚҰРБАН АЙТҚА ОРАЙ ДАЙЫНДЫҚ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы мұсылман күнтізбесіндегі ұлық мерекенің бірі Құрбан айт мейрамын өткізуге арналған дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан және қала имамдарына арналған алқалы жиын өтіп, штаб құрылды. 

Жиналыс барысында облыстың бас имамы Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде өткізу үшін дін қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар бекітті.

Құрбан малын сою үшін бекітілген арнайы мал соятын орындарды дайындап, ол жердің тазалығына мән беру, мал сою талаптарын сақтау, мал базарында құрбан шалдырушы кісілерге күту аймағын әзірлеу, ұйымдастыру тобы мен еріктілерге арнайы киім үлгісін дайындау, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу, қасапхана жанында жиналған еттер бұзылып кетпес үшін тоңазытқышы бар жүк көлігін дайындау, қасапхана іргесіне, көліктерге «Qurban 2024» баннері және қасапхананың ішіне құрбан шалу тәртібі жадымасын ілу жайлы,сойылған құрбандық еттерін пакеттеп, мұқтаждарға тарату үшін еріктілер тобын құру, мұқтаждар тізімін реттеу, ет таратуды жүйелу сынды бірқатар тапсырмалар берді.

Одан өзге Құрбан айт мерекесіне орай облыстық, қалалық және аудандық мешіттер жанына киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрімізге сай түрлі шаралар, жамағаттың бірлігін арттыру ұлттық ойындар ұйымдастыру, қарттар үйі мен жетімдер үйіне еттер үлестіріліп, айт дастарханы жайылып, айт мерекесімен құттықтау, әйел-қыздардың ұйымдастыруымен жәрмеңкелер өткізу, Құрбан айт мейрамын сезіндіріп және көңілді өткізу үшін түрлі ойындар, айттық базарлық дайындау туралы да айтылды.

Биыл арапа – 15 маусым күні болса, Құрбан айт – 16 маусым күні басталады. Ал айт намазы 16 маусым күні Маңғыстау облысы бойынша жергілікті уақыт 6:30-де оқылады. Құрбан айт күндері – 16,17,18 маусым.