

Облыс бас имамы Әзірбайжан консулдығына барып көңіл айтты
ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Ақтау маңындағы орын алған әуе апатына байланысты Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығына барып,ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан,Маңғыстаулық дін қызметкерлерінің атынан көңіл айтты.
Бауырлас халықтың қайғысын бөлісуге Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының міндетін атқарушы Бақтыгүл Мақсотқызы,мешіт имамдары да қатысты. Ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына Құран бағыштап,зардап шеккен жандардың тезірек сауығып кетуіне дұға жасалды.
Сондай-ақ,Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сулейманлы Айхан Фирудин оглы Қазақ еліне,қайғылы жағдайда қол ұшын созған Маңғыстаулық азаматтарға,барша көңіл айтқан жандарға Әзірбайжан Республикасының атынан,өз атынан алғыс айтып, қазақ халқының қиын сәттегі қолдауы әзірбайжан ұлтының жүрегінде сақталатындығын жеткізді.
Әуе апатынан қаза тапқан жандардың жанұяларына Алла тағала сабырлылық берсін. Қақаған қыстың аязымен бірге қабырғамызды қайыстырған қайғыны барлығымызға ортақ деп білеміз. Алла сынығымызды жеңіл, мәртебемізді биік, іргемізді тыныш қылғай!