Маңғыстау имамдарының білімі мен біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті
ҚМДБ «Діни оқу-ағарту» бағыты аясында Маңғыстау облысының имамдарының діни білімін жетілдіру және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Адал мүлкіңді – Алла жолында уақып ет» атты діни-танымдық семинар өтті.
Семинар Ақтау қалалық «Ержан хазірет» мешітінде өткізіліп, оған облысқа қарасты қала, аудан және ауыл мешіттерінің имамдары қатысты.
Жиында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы уақыптың мәні мен маңызына тоқталып, өңірдегі уақып қорының қызметі жайында ақпарат берді.
Сондай-ақ Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқапұлы уақыптың шариғаттағы орны жөнінде баяндама жасады.
«Ержан хазірет» мешітінің бас имамы Ахлиддин Асқарұлы имамдарға уақып мәселесіне қатысты насихат айтып, оның сауапты амал ретіндегі маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық орталық мешітінің наиб имамы Қайрат Қошкелдіұлы «Діни оқу-ағарту бөлімі» бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бөлімнің жұмыс жоспары мен жүзеге асырылған іс-шаралар жөнінде баяндады.
Бұдан бөлек, «Зекет және қайырымдылық қорының» өңірдегі жауапты маманы Бейкенже Серікбайұлы қайырымдылықтың маңызы мен ізгілік жасауға қатысты насихат жүргізді.
Семинар барысында имамдар өзара тәжірибе алмасып, діни оқу-ағарту бағытындағы білімдерін толықтырды.
Жиын соңында семинарға қатысқан имамдарға арнайы сертификаттар табысталды.
