blog Images

Маңғыстау ауданында әкелер семинары өтті

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Маңғыстау аудандық  Шетпе мешітінің ұйымдастыруымен «Әке мектебі — отбасы тірегі» атты аудандық әкелер семинары өтті.

Әр отбасы жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Алайда, әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Өкініштісі бала тәрбиесіне келгенде көп жағдайда отанасына ысыра салатын әкелер жетерлік. Осындай олқылықтың алдын қалай алуға болады? Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің орны қандай? Оған не себеп? Осы сауалдар төңірегінде № 7 мектеп лицейінің ұстаздары ұйымдастырған жиында Маңғыстау ауданы мешітінің бас имамы Дархан Жаңабайұлы «Әке мектебі — отбасы тірегі» атты тақырыпта дәріс оқыды.

Әке – ұлы күш пен сабырлықтың иесі іспеттес. Әке баласының физикалық, эмоциялық және рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне көп мән беру керек. Сондай-ақ ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау секілді адами қасиеттерді ұзын — сонар әңгіме немесе ақыл айтып емес, әке өзінің іс-әрекетімен көрсетсе бала санасында мәңгі есте қалады.

Салихалы (психологиялық сау) ұрпақ тәрбиелеу әр әкенің негізгі миссиясы, осы миссияны жақсылап атқарып ұл-қызымызға дұрыс миссия қойып беру әкенің басты мақсаты.