«Келімберді ахун» мешітінде Қарттар күніне орай рухани жиын өтті
1 қазан – Қарттар күніне орай Мұнайлы ауданы Батыр ауылындағы «Келімберді ахун» мешітінің ұйымдастыруымен рухани жиын өтті.
Тағылымды басқосуға ауылдың ақсақалдары, қажылар мен мешіт имамдары қатысты.
Жиын барысында Маңғыстау облыстық Қажылар қауымдастығының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы қарияларды құрметтеу, үлкенді сыйлау және кейінгі ұрпаққа өнеге көрсету жөнінде насихат айтты.
Сондай-ақ Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Байкенже Серікбайұлы жиынға қатысқан барша жамағатты Қарттар күнімен құттықтап, үлкенге құрмет көрсету мен ізеттілік туралы тағылымды ойларын ортаға салды.
Жиында «Келімберді ахун» мешітінің бас имамы Амидулла Абдуллаұлы да қариялардың қоғамдағы орны мен жастарға берер өнегесі жайында насихат жүргізді.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, ақсақалдардың ақылы мен батасы – кейінгі ұрпақ үшін үлкен рухани мұра. Қарияларды құрметтеу – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл дәстүрлерінің бірі.
Жиын барысында үлкенге ізет көрсету, қариялардың өнегесін бағалау және ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселелеріне ерекше мән берілді.
Жиын соңында мешіт ауласында ақсақалдар игі бастама көтеріп, ағаш отырғызды. Бұл шара табиғатты аялау мен көркейтуге үлес қосып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа жақсы іс қалдырудың жарқын үлгісі болды.
