Бас мүфти Меккеде қажылық миссиясының қорытынды жиналысын өткізді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мекке қаласында Қажылық миссиясының қорытынды жиналысын өткізді.
Жиналыста миссияның уағыз-насихат бөліміне жауапты Смайыл Сейтбеков соңғы аптада қажыларға түрлі тақырыптарда 373 рет уағыз айтылғанын атап өтті. Пәтуаға жауапты Бауыржан Абдуалиев 1570 қажының сұрағына қатысты пәтуа берілгенін жеткізді. Сонымен қатар жиналыста миссия жанындағы медициналық орталықтың жұмысы жайлы баяндалды. Миссия дәрігерлері мыңнан астам адамға түрлі деңгейде алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін баяндады.
Басқосу барысында Наурызбай қажы Тағанұлы Қажылық миссиясының мүшелеріне тиісті тапсырмалар беріп, жұмысты жетілдіруге қатысты бағыттарды айрықша атап өтті. Сондай-ақ Қажылық миссиясының Мекке қаласында ашылған жұмыс кеңсесінде бес бағыт, яғни уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру, ақпарат тарату бойынша белсенді жұмыс істеген қызметкерлерге алғысын білдірді.
Айта кетсек, биыл елімізден 4 мың қажы парызын өтеді. Бүгін отандастарымыз қажылық амалдарын аяқтады. Ертең жерлестеріміздің алғашқы легі Отанымызға орала бастайды.