

Бас имамның Тәуелсіздік күнімен құттықтауы
АЛЛАНЫҢ ҰЛЫ СЫЙЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді отандастар!
Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсарлық, ерен еңбек бабаларымыздың, ақтаңдақ аға-әпкелеріміздің аңсары – бүгінгі азат күнге жеткізді. Сол үшін де тәуелсіздік – қастерлі ұғым.
Аллаға сансыз шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тарихымызды түгендеп, дініміз бен тіліміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз өркендей бастады.
«Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – демекші ендігі мақсатымыз – бахыттың бағасына жетіп, қалтқысыз адал қызмет қылу. Білім алу, еңбек ету, қоғамға пайдалы іс жасау деп білеміз.
Тәуелсіздік – Алланың халқымызға берген ұлы сыйы, баға жетпес байлығымыз. Жаратушы Иеміздің ұлы нығметіне шүкір етіп, тәуелсіздікті сәт сайын қорғау, қастерлеп-аялау – еліміздегі әрбір азаматтың адамгершілік борышы.
Ата-бабамыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген. Құдайдың Қазақ еліне берген ұлы нығметі – тәуелсіздігімізді баянды ете түсу – түрлі салаға жауапты тұлғаның, әр азаматтың асыл борышы, мызғымас міндеті.
Бір үйдің баласындай бірлігімізді танытып, қоғам игілігі үшін бірге қызмет етіп, халықтың алғысына бөленгеніміз абзал. Алла Тағала еліміздің өркендеуі мен жеріміздің көркеюі жолында ауызбіршілік танытуда баршамызға табандылық пен тұрақтылық нәсіп еткей. Халқымыз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Ендігі жерде, мемлекетіміздегі тұрақтылық пен дінаралық келісімнің қалыптасуы және еліміздің халқының береке-бірлігін арттыру жолындағы жұмыстарға қолдау көрсету азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық.
Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік еткей. Мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай! Әмин!