blog Images

Бас имам рухани шарада баяндама жасады

ХХ ғасыр қазақ үшін қасіретті, зұлматты кезеңдерімен есте қалды. Атап айтсақ, қос соғыс, қос аштық, саяси қуғын-сүргін кезеңдері тарихтан белгілі.Бүгін  Маңғыстау облыстық Әбіш Кекілбайұлы  музейінде 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткен шараның ашылуында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы баяндама жасады.

Рухани шарада музей қызметкері О.Көшбайұлы репрессия құрбаны, қазақтан шыққан тұңғыш геолог, ғалым, дін танушы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының дүрбісі қалай табылып, музей қорына қалай жеткендігі жайлы айтып өтті. Аталған жәдігерді, қолөнер шебері А.Тіленбаевтың «Адай» инсталляциясын тарих залының экспозициясына орналастыру рәсімі өлкетанушы О.Көшбайұлына, облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлына тапсырылды.«Адай» инсталляциясын жасаудағы автордың түпкі ойын музей директоры Э.А.Абланова былайша жеткізді: «Бұл инсталляцияда Маңғыстау қазақтарының отаршылдық жүйеге қарсы рухының сынбаған асқақ, өр рухы бейнеленген. Қазақ даласын жаулап алып, отарлық жүйе орнатқысы келген патша үкіметінің Маңғыстау қазақтарына атқан оғы қалқаннан өткенмен, сүйекке жетпеді. Олар сан ғасырлық мәдениеті мен дәстүрін сақтай білді».
Арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтылып, естелік сыйлықтар табыс етілді.