blog Images

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде жамағат Қадір түнін қарсы алды

Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің жамағаты мен қала тұрғындары рамазан айының ең қадірлі, ең қасиетті Қадір түнін қарсы алды. Мешітке лықа толған халық түні бойы имамдардың уағызын тыңдап, асыл дініміз бойынша сұрақ-жауап ойындарына қатысты.
Жыл сайын мешітімізде Қадыр түнінде халық көп жиналады. Ауызашарға жиналған жұрт Алланың үйінде отырып, уағыз тыңдап, тілек тілейді. Қасиетті Құранда бұл түні жасалған амалдар мен құлшылықтар және Хақ Тағаланың ризалығын алу жолындағы өзге де амалдар, Қадір түні болмаған мың айда жасалынған амал, сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ делінген. Олай болса, Алла тағала баршамыздың тілектерімізді қабыл еткей!-деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев.

Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн. Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекше еткен. Содан болар, осы түнді мың айдан да қайырлы саналады. Ал, мың ай сексен үш жылға тең келеді десек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түнінде жасалған құлшылық 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болады екен.

Осындай қасиетті түнде Ақтау мешітінің қызметкерлері жамағатқа исламдағы имандылық тақырыбы мен ілімдер жайында, Қадір түнінің және қасиетті Құран-Кәрімніңиқадір-қасиеті туралы уағыз айтты. Сондай-ақ, жыл бойы өңірімізде өткен қалалық, облыстық, республикалық Құран жарыстарына қатысып, жеңімпаз атанған шәкірттерге сыйлықтар тапсырылды. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы рамазан айында жамағатқа тарауық намазын өткізген мешіттің қызметкері Карыхафыз Аблахатұлына ризашылықпен иығына шапан жауып, қаржылай сыйлық ұсынды. Бұл түні мешітке келген әйел жамағаты да көп болды.

Қадыр түнінде мешітке келіп, тілек тілеп, сұрақ-жауап ойындарына қатысқан әйел-жамағаты өте белсенді болды. Арасында мешітке жиі келетіндер де, алғаш рет келгендер де бар. Асыл дініміз жайында сұрақтарға жауап берген нәзік жандыларға сыйлықтар беріліп, уағыз жүргізілді,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы Ақмарал Қазиева.
Қасиетті түнде көз ілмей, дұға жасап, тілек тілеген қала тұрғындары оразаның сәрісі берілді. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде Қадыр түні ауызашарда шамамен 180-190, Тарауық намазына шамамен 240-250 адам қатысты.


Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі