Аппақ елді мекенінде жаңа намазхана ашылды
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Қарақия ауданына қарасты Аппақ елдімекенінде көзіқарақты азаматтар мен ауыл тұрғындарының көмегімен тұрғызылған жаңа намазхана бой көтеріп, халықтың пайдасына берілді.
Аталмыш шараға Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің найб имамы Жұмабай Қуандықұлы Жұмырбаев, Құрық ауылы әкімінің орынбасары Қоныс Есболұлы Айтбаев, Қарақия аудандық орталық мешітінің бас имамы Руслан Сержанұлы Пірманов және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Алланың қалауымен салынған бұл шағын мешіт, иншалла жастарға білім мен ілімді үйреніп, ата-бабалардың салтынан ауытқымай адал дініміздің тура жолын жалғастыруға мүмкіндік тудыратын құтты ордаға айналсын. Мешіт тұрғызу да екінің бірінің еншісіне берілетін дүние емес, бәрі де Алланың қалауымен сіздерге бұйырып отыр. Құтты болсын– деді облыс мешітінің найб имамы Жұмабай Қуандықұлы.
Құттықтау тілектерден кейін ғимараттың лентасын қию рәсімі ауыл ақсақалы Қылышбайұлы Асан ағамыз бен найб имам Жұмабай Қуандықұлына бұйырып, әжелер шашу шашты. Көптен осы бір салтанатты күнді асыға күткен жамағат имамдармен бірге сапқа тұрып, жаңа мешіттің ішінде алғашқы намаз өтелсе, келіндер дастархан жайып, құрметті қонақтар мен жамағатқа арнайы қонақасы берілді. Дастархан басында да имамдардың уағыздары айтылып, дін және тәрбие туралы ақпараттар айтылды.
Тағы бір айта кетеріміз, бұл мешітті салуға ауыл тұрғындары Марат Дюсенұлы мен Рахматулла ағаларымыз бастамашы болған екен. Мұсылманның діңгегі– дін. Әрине, ертеңгі ұрпақтың болашағын ойлап, ерте қамданатын ақылман ағалар мен қолдаушы жамағатқа– Алланың рахымы жаусын демекпіз. Мешіттеріңіз құтты болып, ілім-білімді игерген мықты қарилар туып шықсын. Ниеттеріңіз қабыл болсын!
Сонымен қатар,Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Ералы станциясында истисқо (Аллаһу Тағаладан жаңбыр сұрау) намазы оқылды.