blog Images

Сектор меңгерушісі әйел жамағатына семинар өткізді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы Маңғыстау облысына арнайы іс сапармен барып, Маңғыстау облысының әйел-қыздар секторының  ұстаздарымен кездесті.  Кездесу барысында сектор меңгерушісі ұстаздарға бір қатар тапсырмалар жүктеді.   Ұстаз болудың маңыздылығы мен жауапкершілігіне тоқталды.  Сонымен қатар ұстаздарға «Уағыз айтудың әдебі» тақырыбында  семинар  өтті.

Семинарды өлкеге арнайы іс-сапармен  келген Алматы қаласының әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілесбайқызы жүргізді.  Уағыз айтудың  исламдағы орны мен уағызщының жауапкершілігіне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Жиын ары қарай Маңғыстау облысының әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен орталық «Бекет ата» мешітінде «Әйел – сұлу қашанда әдебімен» тақырыбындағы семинармен жалғасты.
Семинарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел қыздар Секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Алматы қаласы бойынша әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілесбайқызы және де өңірдің сектор жетекшісі Ұлдаулет Қоңыратбайқызы, ақ жаулықты аналарымыз бен қыз- келіншектер қатысты. Семинар алғы сөзін Маңғыстау өкілдігінің бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы бастап берді.
Пайғамбарымыз дың (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) : «Ұяттылық пен әдептілік әрқашан қайырлы істерге бастайды » – деген хадисін тілге тиек еткен Динара Құтқожақызы отбасының құндылығы, әйел әдептілігініің маңыздылығына тоқталды.
Гүлмира Ілесбайқызы өз кезегінде Ер мен әйелдің отбасындағы рөлі , отбасындағы ажырасу себептері мен оның алдын алу жолдары тақырыбында өзекті мәселелерді қозғады. Ұлдаулет Қоңыратбайқызы өз кезегінде өңірімізге арнайы келген ұстаздарымызға алғысын білдірді.
Жиын соңында ұстаздар жамағаттың көкейтесті сұрақтарына жауап берді.