«Қажының рухани келбеті»тұғырнамасы баяндалды
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде қажылық сапарына ниет еткен жандардың алғашқы легіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қажының рухани келбеті»тұғырнамасы баяндалды.
Рухани шараға Маңғыстау облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы,облыс бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы,Маңғыстау облысы бойынша қажылық бөлімінің маманы Айдос Жамбылұлы Муталиев қатысты.Келелі кездесу барысында облыс бас имамы жиналған жамағатқа қажының тұлғалық сипаты жайында, қажылық сапары жайында насихат айтып, қасиетті мекенге зиярат жасаудың маңызы мен тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, олардың тарапынан қажылыққа қатысты туындаған сұрақтарына жауап берді.
V республикалық имамдар форумында «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжат ретінде қабылданған болатын. Тұғырнама қажыларымыздың рухани жауапкершілігін арттыруды көздейді. Құжат үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ұлық құлшылықты жасау үшін алдын ала қалай рухани дайындалу керектігі айтылса, екінші бөлімінде қасиетті мекенге барған кезде жасалуы тиіс іс-әрекеттер мен көңіл бөлінуі қажет іс-амалдар қамтылды. Ал үшінші бөлімде қажылық парызын өтеген кісінің елге келген соң күнделікті тіршілігінде қажы атына сай әрекет етуі үшін нендей істерге назар салуы керектігі жазылған.