Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде Қадір түнінде қайырымдылық шарасы өтті
Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде жамағат айлардың сұлтаны-рамазан айының ең қадірлі, ең қасиетті -Қадір түнін қарсы алды. Мұсылман жұрты үшін аса маңызды саналатын бұл түні ауызашарға жамағатпен қоса, Маңғыстау облыстық мүгедектер қоғамының мүшелері арнайы шақырылды. Тағдырдың жазуымен жарымжан атанған жандарға дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
«Маңғыстау облыстық мүгедектер қоғамының мүшелерін биыл осымен үшінші рет рамазан айында арнайы шақырып отырмыз. Барша мұсылман баласына ораза тұту парыз етілген бұл айдың негізгі мәнісі- астан тыйылу емес, қайырымдылық жасау, мейірімді болу. Олай болса, өмірдің түрлі жағдайында денсаулығы нашарлап, мүмкіндіктері шектелген жандарға қол ұшын беріп, сыйлап, құрметтеу-баршамыздың асыл міндетіміз. Бүгін сондай-ақ, 65 отбасына қайырымдылық мақсатында азық-түлік таратылды»,-деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев.
Ауызашар дастарханына жиналып, имандылық пен дініміз жайында, сондай-ақ, Қадір түнінің қадір-қасиеті туралы уағыз тыңдаған облыстық мүгедектер қоғамының мүшелері мешіт қызметкерлеріне өз алғыстарын айтты.
Он екі айдың сұлтаны саналатын бұл керемет айда бізді ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан Ақтау мешітінің бас имамы Құрбанбек бауырыма, мешіт қызметкерлеріне өте ризамыз! Алла тағала баршамыздың тілегімізді, жасаған амалдарымызды қабыл еткей! Ел ішінде тыныштық болып, су тасқынынан зардап шегіп жатқан ағайындарға Алла жеңілдігін бергей,-деді Ақтау қалалық зағиптар қоғамының төрағасы Амангелді Мұхамедов.
Ақтау мешітіне жыл сайын рамазан айында келіп, көңіліміз көтеріліп кетеді. Бізді сыйлаған сіздердің көңілдеріңізді Алла тағала көтергей. Жасаған әрбір ісіңіз сауапты болғай. Ораза қабыл болып, қасиетті түнде тілегіміз орындалғай!-деді
Маңғыстау облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы Бибігүл Сұлтанқызы. Маңғыстау облыстық мүгедектер қоғамының құрамына денсаулықтарында түрлі кінәраттары бар жандар енеді. Солардың бірі, Ақтау қаласының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Айтжан Аманқұлова. 75 жастағы ақ жаулықты ана Ақтау мешітіне жиі келіп тұратынын айтады. Бүгінгі ауызашарға қуана-қуана келген.
-Қадір түнінде халқымыз бен жеріміздің тыныштығын, отбасының амандығын тілеп, дұға жасаймын. Бұл түннің орны ерекше, сондықтан да барша мұсылман баласына жақсылық тілеймін. Ақтау мешітінің қызметкерлеріне Алла разы болғай! Ауызашар өте жақсы өтті,-дейді 2 топ мүгедегі Айтжан Аманқұлова.
Ауызашардан соң, Маңғыстау облыстық мүгедектер қоғамының мүшелеріне мешіт тарапынан күнделікті тұтынатын азық-түлік жиынтығы таратылды.