Республикалық Құран байқауының жеңімпазын күтіп алу рәсімі өтті
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өткен ХV республикалық байқаудың жеңімпазы Рахымжан Ержанұлын күтіп алу рәсімі өтті.
Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен республикалық байқауға еліміздің әр өңірінен 80 үміткер қатысқан болатын. Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысынан бақ сынаған Рахымжан Ержанұлы толық Құранды жатқа оқудан І орын иеленіп, бас жүлде – автокөлікке ие болды.
Жеңімпазға көлік кілтін табыстау рәсіміне мешіт қызметкерлері, ұстаздар, жамағат,мешіт ақсақалдары қатысты. Жиында жас қариге ізгі тілектер айтылып, Құран жолындағы еңбегіне алғыс айтты.
Сондай-ақ,қазақы дәстүрге сай жеңімпаз қариға шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Жеңімпазды құттықтаған Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Рахымжанның жетістігіне тоқталып, Құранды жаттау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін сауапты жол екенін атап өтті. Сонымен қатар жас қариге білімін одан әрі жетілдіріп, Құран жолында биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Сондай-ақ шара барысында Маңғыстау қажылар қауымдастығы атынан Рахымжан Ержанұлына қаржылай сыйлық табысталды.
Құранды толық жаттап, республикалық байқауда топ жарған маңғыстаулық қаридың бұл жетістігі – ұстаздар мен ата-ананың еңбегінің, сондай-ақ Құранға деген ыждаһаттың нәтижесі. Жас қаридың жетістігі өңірдегі өскелең буынға үлкен үлгі болып, Құран үйренуге деген ынтаны арттыра түсері сөзсіз.
