blog Images

СҮЙІНШІ! МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ҚАРИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан XV республикалық байқауы мәресіне жетті.

80 үміткер қатысқан байқауда Маңғыстау облысының намысын қорғаған Рахымжан Ержанұлы жоғары нәтиже көрсетіп, Толық Құранды жатқа оқу аталымы бойынша І орынға ие болды. Байқаудың бас жүлдесі – автокөлік Рахымжан Ержанұлына табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қариларды марапаттау рәсімінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы екі күн бойы Ақтөбе төрінде Құранның үні қалықтап, еліміздің әр өңірінен келген қарилар қасиетті кітапқа деген құрметін, білімін, жаттау қабілеті мен оқу шеберлігін көрсеткенін атап өтті.

Сондай-ақ Бас мүфти осымен он бесінші рет өткен Құран байқауын ұйымдастыруға үлес қосқан мүфтият қызметкерлеріне, Ақтөбе облысының имамдарына, әділқазы мүшелеріне және байқаудың бас демеушісі Бахаридин Аблазимовқа алғысын білдірді.

Айта кетейік, екі күнге созылған Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан XV республикалық байқауға еліміздің әр өңірінен 80 үміткер қатысып, бақ сынады.

Маңғыстау облысының мерейін үстем еткен Рахымжан Ержанұлын үлкен жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл — Маңғыстау жұртшылығы үшін үлкен қуаныш әрі зор мақтаныш.