«Шаңырақ»мешітінің ұйымдастыруымен футболдан спорттық турнир өтті
Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінде қасиетті Мәуліт айына орай және Жаңаөзен қалалық мешітінің 30 жылдық мерейтойына арналған мешіт жамағаты арасындағы шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа баулу және жамағат мүшелерінің өзара достық қарым-қатынасын арттыру.
Жарысқа барлығы 7 команда қатысып, өзара бақ сынады. Әр команда құрамында 5 негізгі және 5 қосалқы ойыншыдан, яғни барлығы 10 спортшыдан жасақталды.
Турнир барысында командалар жоғары деңгейде ойын көрсетіп, жеңіске деген жігері мен спорттық шеберліктерін танытты. Әр кездесуде тартысты ойын өрнегі көрініс тауып, қатысушылар өз командаларының намысын абыроймен қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша:
І орын – «Шаңырақ» мешіті жамағатының «Зұлпықар» командасы;
ІІ орын – «Оразмағанбет ахун Тұрмағанбетұлы» командасы;
ІІІ орын – Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің ұстаздар командасы.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аталған спорттық шара мешіт жамағаты арасында тек бәсекелестік емес, өзара бауырластық пен достықты қалыптастыруға да үлкен мүмкіндік берді. Спорт арқылы жастардың белсенділігін арттырып, денсаулықты күтуге, уақытты тиімді өткізуге және бірлік пен ынтымақты дәріптеуге бағытталған мұндай игі бастамалардың маңызы зор.
Жарысты ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз.
Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Айда Джалгасбаеваға, спорттық шараның өтуіне қолдау көрсеткен «Қайрат футбол академиясының» басшылығына, сондай-ақ ақпараттық және жарнамалық қолдау көрсеткен «Сапа Медиа» жарнама агенттігіне айрықша ризашылығымызды білдіреміз.
Сонымен қатар жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, әділ төрелік жасаған ұйымдастырушы әрі бас төреші Аңламас Нұрболат Сейдіұлына алғыс айтамыз.
Мешіттің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл турнир – жамағаттың ауызбіршілігін арттырып, бауырластықты бекемдей түсетін тағылымды әрі мазмұнды шаралардың бірі болды.
Алла Тағала барша жамағатымыздың бірлігі мен ынтымағын арттырып, игі бастамаларымызға береке берсін!
