blog Images

Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ»мешітінің күмбезі жаңартылды

Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітіне жаңа күмбез орнатылды.

Күмбез – ислам сәулет өнеріндегі айрықша белгі ғана емес, ол аспан мен жерді байланыстырып тұрғандай әсер беретін рухани нышан. Күмбездің көкке бой созуы – мұсылман қауымының Жаратқанға деген махаббаты мен мойынсұнуының көрінісі.

Аталмыш игі іс қалалық мешіттің бас имамы Еркеғали Әлбетовтың жетекшілігімен жүзеге асты. Бас имам бұл оқиғаны қуанышпен атап өтіп:
«Бұл күн – Жаңаөзен халқы үшін қуанышты сәт. Күмбез орнату ісіне атсалысқан барша жамағатқа және қала тұрғындарына Алла разы болсын! Әрбір игі амалымыз мешітіміздің сәні артып, руханиятымыздың нығаюына үлес қоссын», – деп жүрекжарды тілегін білдірді.

Күмбез орнату барысында мешіт жамағаты мен қала тұрғындары да қолдау білдірді. Қиындықсыз шаруа болмайды, дегенмен төрт сағатқа созылған еңбектің нәтижесінде күмбез орнатылып, мешіт келбеті бұрынғыдан да көрікті кейіпке енді.

Бұл игі іс – елдің бірлігі мен берекесінің, Алла үйіне деген құрметінің белгісі. Мешітке қойылған күмбез – ұрпақтан-ұрпаққа рухани аманат болып қала бермек.