Ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы Бейнеу жамағатымен кездесті
Елімізге белгілі исламтанушы, ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы Бейнеу ауданына келіп, бірқатар кездесулерге қатысты.
27 шілде күні өткен алғашқы кездесу барысында Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы Бейнеу аудандық «Ыбырайым ахун Құлбайұлы» мешітінің жамағатына Ашура күнінің артықшылығы жайлы уағыз айтты.
Жұма күні исламтанушы жергілікті «Абыл» мәдениет үйіне жиналған әйел жамағатына «Исламның бес парызы» тақырыбында насихат айтып, көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Бұл кездесуге Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Іздібай Бегенұлы және аудан бас имамы Адайбек Мақанұлы қатысты.
Осыдан кейін ұстаз аудандық мешітте жұма намазына жиналған көпшілікке «Тіл кесапаттары» тақырыбы аясында жұма уағызын айтып, тілдің себебінен болатын күнәлардан аулақ болуға шақырды.
Бұл шаралардың барлығы Бейнеу аудандық «Ыбырайым ахун Құлбайұлы» мешітінің бастамасымен жүзеге асқанын айта кеткеніміз жөн.