“Шаңырақ” мешітінде “Имани жаз-2025” сауат ашу курсы аяқталды
ҚМДБ Діни оқу-ағарту бағытына сәйкес Жаңаөзен қалалық “Шаңырақ” мешітінде өткізілген “Имани жаз – 2025” жазғы сауат ашу курсы сәтті аяқталды.
Бұл игі шара аясында Үшқоңыр медресе-колледжінің 3-курс студенті, тәжірибеден өтуші Абубакир Гүлжайна қарындасымыз қыздарға арнап дәрістер өткізіп, Ислам негіздері мен көркем мінез-құлық туралы тағылымды сабақтар берді.
Лагерь барысында қыз балалар Құран әріптерін танып, сүрелер жаттады. Құранды жаттауда ерекше ынта танытқан қыздарымызға арнайы тәж кигізіліп, құрмет көрсетілді. Бұл – бала көңілінде рухани серпіліс оятып, имандылыққа деген сүйіспеншілікті арттыратын сәттердің бірі болды.
Сабақ соңында ата-аналар мешіт ұжымына және ұстаздарға алғыстарын білдіріп, балалардың осындай тәрбиелік лагерьлерге қатысуының маңызын ерекше атап өтті.
Осындай игі істердің жалғасын табуын тілейміз!Алла Тағала қызмет еткен барша ұстаздар мен ұйымдастырушылардың еңбегін сауаптан жазғай!



