Рамазан айына орай БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті
Маңғыстау облысы әкімдігінің “Қоғамдық коммуникация орталығында” Рамазан айына қатысты БАҚ өкілдеріне брифинг ұйымдастырылды.
Баспасөз өкілдерінің сұрақтары мен жамағаттан келіп түскен сауалдарға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы жауап берді.Сондай-ақ,облыс бас имамы биылғы Рамазан айының өту тәртібі, мешіттерде ұйымдастырылатын шаралар, Қадір түні мен пітір садақасына қатысты маңызды ақпараттарды айтып өтті.
«Рамазан – қайырымдылық айы, жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», – деп сүйіншілейді.Алла қаласа, 2025 жылы Рамазан айы 1 наурызда басталып, 29 наурызда аяқталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі болып белгіленді. Мешіттерде ораза айында «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Жомарт жұма» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Биылғы жылғы підия мөлшері – 3520 теңге. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Дәулетті адамдар садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия (фидия) төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де підия бере алады.Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын»– деді Әнуар Елжанов.
Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!