Рәміздер күнінде ел Туына құрмет көрсетілді
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңындаМаңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде ел Туына ерекше құрмет жасалды.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Асыл дініміз Ислам рәміздерге ерекше мән береді. Ислам дінінің ардақты пайғамбары Мұхаммед с.а.с мұсылман жандар үшін маңызды оқиғалар кезінде ту мен жалау ұстаған. Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалауға қатысты арнайы тарау арнаған. Отан – құрмет пен бағалауға лайықты құндылық. Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсететініміз сондықтан. Бұл – мұсылман мемлекеттерінде көрініс тапқан жақсы үрдіс. Шариғатымыз мемлекеттік ту көтерілгенде, әнұран орындалғанда құрмет көрсетуге рұқсат береді.
Мемлекеттік рәміздер – әр азаматқа ерекше жігер мен патриоттық сезім сыйлайтын құндылықтар. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз әркез шырқалып, елтаңбамыз елдігіміз бен бірлігіміздің символына айналғай.
Алла Тағала ұрпағымызды иманды, ұлтжанды етіп, еліміз бен жеріміздің болашағы жолында аянбай еңбек ете беруін нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болғай.