blog Images

ҚҰРБАН АЙТҚА ОРАЙ БРИФИНГ ӨТТІ

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтіп,Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы  Құрбан айттағы құрбан шалудың ерекшелігіне тоқталды. 

Баспасөз өкілдерінің сұрақтары мен жамағаттан келіп түскен сауалдарға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы мен,ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің Маңғыстау облысы бойынша жауапты маманы, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқапұлы жауап берді.

Жиын барысында облыс бас имамы: «Онлаин құрбан шалушы ҚМДБ-ның арнайы құрған www.qurban2024.kz   сайты арқылы тапсырыс беріп, құрбандық малын шалдыра алады. Сондай-ақ, қайырымдылық етін аламын деуші жандар да осы сайт арқылы ет алуға өтініш білдіре алады. Ал, құрбандықтың еті былтырғы дәстүр бойынша қайырымдылыққа жұмсалып, көмекке мұқтаж, қолдауға зәру жандарға үлестірілетін болады» деп атап өтті.

Брифинг кезінде облыс бас имамы құрбандық шалатын арнайы бекітілген орындар және мұқтаж отбасыларға құрбандық етін тарату жұмысын ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы мешіттері, жамағаты мен еріктілер жүзеге асыратынын атап өтті.

Ұлық мерекенің қарсаңына орай облыстық мешітте  мерекелік бағдарлама жоспары құрылды. Алдымен, 16-маусым айт намазы сағат 6:30 оқылады.Құрбан шалатын «Korkem Alem»ет комбинаты,базардағы арнайы  қасапханаларында жүзеге асырылатын болады.

Айта кетейік, өткен жылы 168-қой,4-сиыр,87-ешкі,2-түйе құрбандық шалынып,  құрбандық етін 1209 отбасына, сонымен қатар мүгедектер, зағиптар қоры, ауруханалар мен ардагерлер үйіне жеткізіп берді. Бұйырса биыл да осы бағыттағы қайырымдылық іс-шаралар жүзеге асырылмақ.