ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтіп,Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы тікелей эфирде Құрбан айт жайлы мәлімет берді.
Баспасөз өкілдерінің сұрақтары мен жамағаттан келіп түскен сауалдарға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы мен,ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің Маңғыстау облысы бойынша жауапты маманы Марат Жарылқапұлы жауап берді.
Баспасөз мәслихатында Әнуар Ізімбайұлы Құрбан айт мейрамына орай мешіттерде өткізілетін мерекелік шаралармен қатар,құрбандыққа шалынатын малды қалай ажырату және құрбандық шалудың шарттары жайлы түсіндірді.Сондай-ақ,қашықтықтан онлайн құрбан шалу мүмкіндігі жайлы ақпарат берді.Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екендігі жайлы сөз қозғады.
Брифинг кезінде облыс бас имамы : «Қашықтықтан онлайн құрбан шалушы ҚМДБ-ның арнайы құрған «qurban.muftyat.kz» ресми сайты арқылы тапсырыс беріп, құрбандық малын шалдыра алады. Сондай-ақ, қайырымдылық етін аламын деуші жандар да осы сайт арқылы ет алуға өтініш білдіре алады. Ал, құрбандықтың еті былтырғы дәстүр бойынша қайырымдылыққа жұмсалып, көмекке мұқтаж, қолдауға зәру жандарға үлестірілетін болады» деп атап өтті.
Айта кетейік,биыл 5 маусым-Арапа күні, құрбан айт 6 маусымда басталады. Таңғы сағат 6:30 да айт намазы оқылып болған соң, мерекеге орай мешіт аулаларында спорттық ойындар,мерекелік бағдарламалар өтеді.


