ҚМДБ төрағасы «Қарамақы ата» мешітінде жұма уағызын айтты
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай өңіріне жұмыс сапарында Меңдіқара ауданы орталығында жаңадан ашылған «Қарамақы ата» мешітінде жұма уағызын айтты.
«Сыйласаң, сыйын көресің» тақырыбында уағыз айтқан ҚМДБ Төрағасы: «Асыл дініміз Ислам өзге адамдарды құрметтеп-сыйлауға, олармен ең көркем қарым-қатынаста болуға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп бұйырады.
Адамдарды құрметтеу, оларды сыйлау – мұсылманның өзге адамдармен қарым-қатынасындағы басты ұстанымы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес», – деп жасы үлкенді де, жасы кіші адамды да сыйлап, құрмет көрсетуге шақырған (имам Тирмизи). Қазақ халқында да сыйластықтың орны өте үлкен. Ата-бабаларымыз: «Адам сыйлағанның құлы», «Сыйлап берген су тәтті» деп, сыйластық атаулыға аса мән берген» деді.
Бас мүфти жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.