«Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешіті жамағатының айлық отырысы өтті
Жаңаөзен қаласының маңындағы Рахат ауылдық «Оразмағанбет ахұн Тұрмағамбетұлы» мешітінде ақпан айындағы жамағаттың айлық отырысы ұйымдастырылды.
Мешіт бас имамы Жұмабай Қуандықұлының және жергілікті дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан шараға құлшылық үйінің жамағаты шақырылып, ақ дастарқан басында қонақ болды.
Шара барысында «Неке және отбасы құндылықтары» тақырыбында уағыз-насихат айтылып, рухани сұхбат өрбіді.
Бұдан бөлек, дін мен дәстүр бағыты аясында ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерімен ұштасқан халқымыздың мақал-мәтелдерін көп айтқан азаматтарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Игі дәстүрге айналған осындай айлық шаралардың мақсаты Маңғыстау облысы мешіттері жамағатының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту, бауырмалдық қатынастарын күшейту екендігін айта кеткеніміз жөн.