Облыстық семинарда «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжаты насихатталды
ҚМДБ «Дін мен дәстүр»бағыты аясында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата»мешітінде ҚМДБ қабылдаған «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» (тәртібі мен мәзірі) құжаттарын насихаттау жиыны өтті.
Тағылымды шараға ақ жаулықты аналар, ардақты ақсақалдар, мешіт жамағаты және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиын барысында Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Ізімбайұлы «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжатына тоқталып, ас беру мәдениетін қалыптастыруда ысыраптың алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
Бас имам құдайы ас өткізуде шариғат талаптары мен ұлттық дәстүрді үйлестіре отырып, ысырапшылдыққа жол бермеу, қарапайымдылық пен берекеге мән беру қажеттігін жеткізді.
Ал ас беру мәдениеті мен ысыраптың алдын алу мәселесі бойынша облыстық мешіттің наиб имамы Қайрат Қошкелдіұлы өз тәжірибесімен бөлісіп, құжатта белгіленген негізгі талаптар мен тәртіптерді түсіндірді.
Сонымен қатар, наиб имам құдайы ас кезінде ұсынылатын тағам түрлеріне тоқталып, дастархан жаю барысында ысырапқа жол бермеудің маңыздылығын атап өтті. Жиынға қатысушыларға ас беруді қарапайым әрі ысырапсыз ұйымдастыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
