ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТТЕ ЕКІ БІРДЕЙ РУХАНИ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата»мешітінде екі маңызды еңбектің тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың басында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде дін қызметкерлеріне арналған бағдарлық баяндамасында:
«Алла қаласа, облыстық мешіттер жанынан ортағасырлық түркі әдеби (шағатай) тілінде жазылған, Ханафи мәзһабына негізделген бабалардың (“Ғибадат исламия”, “Сопы Аллаяр” және т.б.) кітаптарын оқыту курстарын ашамыз», – деген болатын.
Сол бастаманың жалғасы ретінде бүгін “Ғибадат исламия” кітабы қайта басылып, ұстаздарға оқулық-нұсқаулық ретінде табысталды. Бұл еңбек – Ханафи мәзһабы бойынша діни білім алушыларға бағытталған құнды әдістемелік құрал.
Сонымен қатар, қазақ жеріндегі әулиелер, ишандар мен хазіреттер жайлы аңыз-әңгімелерді қамтитын “Аңыз болған әулиелер” атты жаңа кітаптың да тұсауы кесілді.
Жиын барысында облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы қос еңбектің рухани білімді арттырудағы және ұрпаққа асыл мұраны жеткізудегі маңызын атап айтты.






