НАИБ МҮФТИ ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде жұма намазы алдында жамағатқа «Құмар ойын құрдымға жығады» тақырыбында уағыз айтты.
Уағыз барысында наиб мүфти құмар ойынның адам өміріне, отбасылық құндылықтарға және қоғамның рухани ахуалына тигізетін кері әсеріне тоқталды. Сондай-ақ, құмар ойынға тәуелділіктің зардаптары, оның салдарынан туындайтын әлеуметтік мәселелер мен материалдық қиындықтар жайында кеңінен түсіндірді.
Кенжетай Байкемелұлы жамағатты адал еңбек етуге, маңдай термен табыс табуға, ысырап пен харамнан сақтануға шақырды. Әсіресе, жас ұрпақты құмар ойынның зиянынан қорғап, отбасында дұрыс тәрбие мен имандылық құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Жұма уағызы соңында жамағатқа пайдалы насихат айтылып, ізгілік пен салиқалы өмір салтын ұстанудың маңызы жеткізілді.
