Маңғыстау имамдарына арналған үш күндік семинар басталды
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2023 жылы атқарылатын жұмыстардың бес бағытын бекіткен болатын. Соның ішінде діни оқу-ағарту бағытына ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Осыған орай, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде өңіріміздің дін қызметкерлеріне арналған үш күндік ақпараттық-танымдық семинар жұмысын бастады.
Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қатысты мешіттердің бас имамдары, наиб имамдары және ұстаздарына Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы және облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқап «Неке және отбасы құндылықтары», «Исламдағы уақып мәселесі» және «ҚМДБ пәтуаларын насихаттау» тақырыптары аясында дәрістер оқитын болады.
Атап айтқанда дін қызметкерлеріне түркі тілінде жазылған ханафи мәзһабының классикалық кітаптары: Мұхиддин Нұғман Бұхаридың «Устади әууәл», Ахмад Һади Мақсудидің «Ғибадат исламия», Сопы Аллаярдың «Сабатул ажизун», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» сынды еңбектерден дәрістер өткізілетін болады.