blog Images

Мәуліт-ізгілік мерекесі

Мәуліт арабша «туылу», «туыл­ған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам Мәуліт мерекесі деп аталады. Қия­мет күн­гі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – құптарлық жақсы амал. Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал болуы тиіс пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен өсиетін, тығылымы толассыз ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс.

Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят). Салауат айтудың пайдасы зор. Ол біздің барлық өмірімізді қамтиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім маған күніне 100 рет салауат айтса, Алла соның қажетін ашады»-деген. Салауат айту уайым мен қайғыдан арылтады. Пайғамбарға салауат айту – құлшылықтың қабыл болуының, деннің сау болуының кепілі. Бұл жүрек нұры. Алла елшісіне салауат айту – Алла Тағаланың өз құлының құлшылығы мен ісін қабыл етуіне себеп болмақ.Ұлы сахабалардың бірі Убай ибн Каб: «О Алланың елшісі! Мен Алла Тағаладан мені саған салауат айтушылардың бірі етуін сұраймын. Мен саған қанша рет салауат айтайын?»-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қанша қаласаң сонша»-дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның төрттен бірін арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы» -дейді. Сонда сахаба: «Мен салауатқа уақытымның жартысын арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның үштен екі бөлігін арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сахаба: «Онда мен саған әрдайым салауат айтатын боламын»-дейді. Сонда Алланың елшісі: «Сен уайымнан құтыласың және сенің күнәларың кешіріледі»-деген екен. Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс.

Шарапаты мол Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.