ҒАЛАМТОРДАН АЛЫНҒАН ЖҮЙЕСІЗ АҚПАРАТ-ІЛІМ ЕМЕС
Қазіргі XXI ғасыр ақпараттың заманның кезеңі.Білгің келген нәрсенің жауабын ғаламтор беттерінен тез, әрі оңай табуға болады. Түрлі ғаламтор желілерінің арасында адамға пайдасымен қоса, зиянын да беретін ақпараттар жетерлік. Соның бірі діннің атын жамылған деструктивті діни ағымдардың идеологиясын құрайтын ақпарат көздері.
Алайда, ғаламтордың қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады.Мұндай әрекеттің бір қала немесе бір елмен шектелмейтіндігі белгілі, бұл экстремистік және террористік ұйымдар үшін өте маңызды. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады.
Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін. Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал.
Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.
Діни мәліметті, қажетті пәтуәні іздеген әрбір азамат мүмкіндігінше шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбауға тырысып, сенімді дереккөздерден білім алып, өзінің сыни ойын дамытқаны абзал. Дінді арнайы мешіттерден үйренсе, діни білімі дұрыс бағытта қалыптаспақ.
Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитетіне қарасты kazislam.kz порталы, azan.kz, ummet.kz, muslim.kz, mazhab.kz, sunna.kz т.б. отызға жуық діни сайт жұмыс істеп тұр. «Мұнара» газеті, «Иман» журналы бар. Діни құндылықтарды осындай сенімді көздерден үйрену керек.
Елімізде жат ағымдардың алдын-алу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. ҚМДБ-ның жанынан Діни оңалту бөлімі, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі жұмыс жасауда. Сондай-ақ республиканың ір өңірінде өкілдіктер деңгейінде, қала, аудан деңгейінде де жұмыстар атқарылуда.
Қорыта айтқанда:ғаламторға ақпаратты ақылды адам да, ақымақ адам да сала алады. Біреу салған ақпаратының қате екенін білмей салса, енді бірі біле тұра басқаларды шатастыру үшін жалған ақпарат салады.Сондықтан,ақпарат берудің қайнар көзі ғаламтордан қандай да бір діни ақпарат,діни білім үйренерде дұрыс таңдау жасай алу өз қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз.
ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы
Әнуар Ізімбайұлы