Бас мүфти бес бағыт бойынша жиналыс өткізді
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен аппарат жиналысы өтті.
Бас мүфти бес бағыт бойынша жеті айда атқарылған іс-шаралардың қорытынды есебін тыңдады. Атап айтқанда, бөлім меңгерушілері дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, сондай-ақ жат ағымдардан сақтандыру бағыттары бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарды Бас мүфтиге баяндады.
«Бұл – біздің негізгі жұмыстарымызға басымдық берілген бағыттар. Сондықтан жыл басында бекіткен жұмыс бағыттарымызды ерекше ыждағатпен орындауымыз тиіс. Бұл жыл соңындағы қорытынды жұмыс есебінің көрсеткіші болмақ» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиналыс барысында наиб мүфти Ершат Оңғар ҚМДБ Төрағасына биылғы қажылық маусымында атқарылған ауқымды іс-шарадардың есебін баяндады. Бас мүфти осы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында жүзеге асқан жұмыстарға оң бағасын беріп, бөлім меңгерушілері мен мамандарына тиісті тапсырмалар берді.