Бас имамның Амал мерекесімен құттықтауы
Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті Маңғыстаулықтар!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің, жергілікті дін қызметкерлерінің және өзімнің атымнан сіздерді Амал мерекесі – Көрісу күнімен, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақ мейрамымен құттықтаймын.
Халқымыз бұл күні «Амал оң болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деген сөздерді айтып, бір-біріне ізгі тілек білдіретін, бауырмалдық пен татулыққа шақыратын осы мейрамда әр отбасыға Алланың амандығы мен берекетін, бақыт пен бірлік, татулық пен бар жақсылықты тілеймін.
Амал күні – тарихы тереңге бойлаған асыл мереке. Бұл күні туған-туыс, көрші-қолаң ерте тұрып бір-бірімен көріседі. Ақын Берік Тілеген өзінің «Амалға арнау» атты өлеңінде:
Жағалап қариясын, ақбас шыңын, Жалынды жас үйiнде жатпас бүгiн. Ұмытпайық үлкендер ұлағатын, Ұлықтайық бабаның салт-дәстүрiн!деп жырлағандай, жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, ізет көрсетіп, батасын алады. Өз кезегінде, ақ ниетті батагөй қарияларымыз ақжарма тілектерін білдіріп жатады.
Осынау ізгі амалдар сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», деген хадисімен сабақтас екендігінде күмән жоқ.
Амал күні – ынтымақ пен татулықтың, кешірім мен мейірімнің мерекесі. Бұл күні өткен күннің араздығы ұмытылып, өкпе-реніші кешіріледі. Өзара ренжіскендер кешірім жолын ұстанып, бір-бірімен татуласып жатады.
Кешірімнің маңыздылығы туралы Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», («Хужурат» сүресі, 10-шы аят) деп айтылса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Бір мүміннің мүмін бауырына үш күннен артық суық қабақпен қарауы адал етілмейді. Кезігіп қалғанда олар теріс айналады, алайда ең жақсысы – бірінші болып сәлем бергені», деп келеді.
Ақиық ақын, ақберен батыр, күйші-сазгер Махамбет Өтемісұлы айтқандай: «Тіріде сыйласпаған ағайын, Құм құйылсын көзіңе, Өлгенде бекер жылама!». Адам көзі тірісінде бауырының, туғандарының, өзге де жақындарының қадір-қасиетін жете түсініп, арадағы сыйластықты сақтап, тату тәтті өмір сүрсе нұр үстіне нұр болары анық.
Осы күні Алла баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін! Алладан біздің тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін деп сұраймын. Қадірлі мереке баршамызға мүбәрак болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әнуар қажы Ізімбайұлы,
Маңғыстау облысының бас имамы