Бас имам Алғыс айту күніне арналған іс-шараға қатысты
2023 жылғы 1 наурызда Астана қаласының Достық үйінде Алғыс айту күніне арналған телекөпір форматындағы іс-шарасы өтті.
Алғыс айту күнін мерекелеудің мақсаты әртүрлі салаларда және кәсіптерде адал қызмет етіп, азаматтық ерлік жасап, елдің дамуына үлесін қосып жүрген, сондай-ақ түрлі оқиғалар мен жағдайлар кезінде белсенділік пен азаматтық ұстанымын танытқан қазақстандықтарға алғыс айту болып табылады.
Аталған іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық Достық үйлері онлайн форматта қосылып, барлығы 400-ден астам адам қатысты.
Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҮЕҰ мен ҚХА мүшелері, еріктілер мен жастар қатысты.
Дархан Қыдырәлі өз құттықтауында еңбектерімен елдің дамуына, бірлік пен келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген барша қазақстандықтарға, соның ішінде құтқарушыларға, өрт сөндірушілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, дәрігерлерге, мұғалімдер, меценаттарға және еріктілерге алғысын білдірді.
Марат Әзілханов өз сөзінде көктемнің бірінші күні — қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігімен құрмет көрсететін, достықпен ынтымақтастықты ұштастыратын мереке екенін атап өтті. Ол өз сөзінде күн сайын мыңдаған азаматтар, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері еліміздегі бірлік пен келісімді нығайту жолында өздерінің адал еңбектерімен аянбай үлес қосып келетінін жеткізді.
Сонымен қатар, іс-шарада дәстүрлі түрде өткізілетін «Мейірімділік керуені» республикалық форумының басталуы жарияланды.
Анықтама ретінде: 2015 жылғы сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында өткен ҚХА-ның 22-ші сессиясы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды – Алғыс айту күні деп белгілеп, оны мереке ретінде атап өту туралы шешім қабылданды.