

АСТАНА МЕН МАҢҒЫСТАУ ИМАМДАРЫ АЛЖИР ЛАГЕРІНЕ ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Астана және Маңғыстау өңірінің имамдары қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккендерді еске алу мақсатында Ақмола облысындағы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне арнайы экскурсия жасады.
Шара барысында қатысушылар лагерь тарихымен танысып, қуғын-сүргін жылдарында азап шеккен нәзік жандардың тағдыры жайлы тың деректерге қанықты.
«АЛЖИР» (Ақмола лагері – «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері) – Кеңес Одағының ең ірі саяси лагерьлерінің бірі. Бұл жерде 1937-1953 жылдары сталиндік репрессияға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің әйелдері мен балалары айдауда болды. Мұражайдағы құжаттар, фотосуреттер, жеке заттар мен экспонаттар сол бір қиын кезеңнің айқын куәсі болып табылады.
Экскурсия барысында қонақтар мұражай экспонаттарын тамашалап, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аналардың өмір жолы туралы баяндамаларды тыңдады. Сонымен қатар, қатысушыларға лагерь тұтқындарының қиын жағдайдағы өмірі мен төзімділігі жайында деректі фильм көрсетілді.
Шара соңында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы тарихи кешеннің маңыздылығын атап өтіп, тағылымды экскурсия үшін Астана қаласы өкілдігіне өз ризашылығын білдірді.