«Ар-Рахман» мешіті:Қапамсай борлы шатқалына саяхаттады
Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылдық «Ар-Рахман» мешітінің жамағаты ҚМДБ бастамасымен жүзеге асып жатқан «Darhan Dala» отандық рухани туризм жобасы аясында Маңғыстаудағы Түпқараған үстіртінде орналасқан Қапамсай борлы шатқалына саяхаттады.
Маңғыстау – көне дәуірден сыр шертетін әсем өңір. Адам аяғы тимеген тау жоталары қаншама ғасыр шежіресін бауырына басып жатыр.
Шатқалдың ақшыл сары, сұр, кей тұста аппақ түсті қабырғаларының биіктігі бірнеше ондаған метрге дейін жетеді. Шатқал түбінде ірі қойтастар шашылып жатыр.
Археологтардың пайымдауы бойынша, кезінде осынау борлы құздардың етегінде терең өзен ағып жатқан. Бүгінгі таңда өзен болмаса да, ерекше үңгір сақталып қалған. Жаңбыр суларының әсерінен үңгір төбесінде саңылау пайда болып, қалыптасқан көлеңке мен ылғалдың нәтижесінде бұл жерде шағын тоғай өсіп шыққан. Жайқалған жасыл тоғай – жансыз жартастардың төрінен орын алған әсем шұрат сияқты.