blog Images

«Ар-Рахман» мешіті:Масат ата жер асты мешітіне зиярат жасады

Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылдық «Ар-Рахман» мешітінің жамағаты ҚМДБ бастамасымен жүзеге асып жатқан «Darhan Dala» отандық рухани туризм жобасы аясында  жамағатпен бірге рухани сапар барысында  Маңғыстау ауданы Үштаған ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан Масат ата қорымы және жер асты мешітіне барып зиярат етті.

Аталмыш сапар барысында мешіт имамы Қайрат Қошкелдіұлы бастаған көпшілік бабалар рухына тағзым етіп,қорымды аралап,ата-бабалар рухына Құран бағыштап қайтты.

Қорымның солтүстік-шығыс жағында 18 – 19 ғасырларды қамтитын қазақтардың ескерткіштері сақталған. Мұнда қойтастардың алуан түрлері көптеп кездеседі. Қорымның оңтүстік-батыс жағындағы жартасты жерден ойып жасалған жер асты мешіті орналасқан. Мешіттің ішкі аумағы төрт қанат киіз үйдей, төбесінде шаңырақ тәрізді ойығы бар. Оңтүстік жағындағы есік қапталынан михраб, қабырғаларынан сөрелер қашалған, кіреберістегі шағын дәлізі Меккеге қарай бағытталған. Төбесіндегі тесік аузы таспен биіктетілген. Мешіттің батыс жағында 3 метрдей қазылған жер орны бар; осыған байланысты бұл құрылыстың екінші бөлігі деген болжам жасауға болады. Мешіт алдындағы тақта тас үстінен суағарлар қашалып, оның тоғысқан тұсынан құдық қазылған. Жер асты мешіті мен қорым 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған.