blog Images

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде «Жүректерді сағындырған Мұхаммед »атты шара өтті

Ақтау қалалық «Бекет ата »мешітінде Мәуліт мейрамына арналған «Жүректерді сағындырған Мұхаммед» атты шара ұйымдастырылды.
Әйел жамағаты бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атын ұлықтап, оның рухына Құран арнап, салауат айтты.
— Шарапатты мәуліт мерекесінің аясында әйел жамағаты Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуге тырысты. Басты мақсат — адамдар арасындағы мейірім мен бауырмалдықтың артуына септік жасап, қайырымды да иманды болуға шақыру. Адамзаттың асыл тәжі атанған Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүгін сансыз салауат айтылды. Мәуліт-ислам дініміздің тағылымдары жайлы үгіт-насихат жүргізіп, жас ұрпақты жақсы әдеттер мен көркем мінезге баулитын керемет уақыт деп білемін,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы Ақмарал Қазиева.
Шара барысында ислам діні мен асыл пайғамбарымыз туралы сұрақтар қойылып, оған дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, ең көп салауат айтқан жандар да марапатталды.
Исламда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келген уақытта әлемде ғажап оқиғалардың болғаны тарихтан аян. Қасиетті Құранда пайғамбарды (с.ғ.с.) жер бетіне мейірімнің елшісі ретінде жібергені туралы: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» делінеді. Сондықтан, мәуліт мерекесін атап өту-пайғамбарға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің көрінісі.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бар ғұмырында үмметінен еш үмітін үзбей өтті. Ол — көңілдердің қайғысын, жүректердің мұңын емдеді, әлсіздерге күш берді, надандық бұлтын сейілтті, соңына ерген ғазиз жұртын алға тартты, ертеңге жетеледі. Ол-екі дүниенің сардары, әлемге жіберілген нұр, адамзаттың абзал тұлғасы, Жаратушының ең сүйікті құлы әрі ардақты елшісі. Құранның «Ахзаб» сүресінің 6-ншы аятында «Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық» деп көрсетілсе, иманның ләззаты жөнінде «Мына үш нәрсе арқылы адам баласы иманның ләззатын татады-солардың бірі-Алланы және оның елшісін өзге нәрселердің барлығынан артық жақсы көру» делінген.

 

Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі