Әйел-қыздар секторы:«Шаңырақ»мешітінде рухани іс-шара өтті
Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінде әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ерекше рухани мәнге ие іс-шара ұйымдастырылды.
Оған шәкірттер мен жамағат қатысып, жүрекке жылу сыйлаған екі бағыттағы бағдарлама өтті: рухани семинар және салауат жәрмеңкесі.
Алғашқы бөлімде өткен семинарды Үшқоңыр медресе-колледжінің 3-курс студенті Абубакир Гүлжайна Ағданқызы жүргізді. Шәкірттер пайдалы мәліметтер алып, түрлі тақырыптарда ой бөлісті. Тыңдаушыларға рухани әрі тәрбиелік маңызы зор мағлұматтар ұсынылды. Іс-шараның соңында білімді бекіту мақсатында Kahoot бағдарламасы арқылы сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты.
Семинардан кейін жалғасын тапқан салауат жәрмеңкесінің мәні ерекше болды. Бұл жәрмеңкенің басты мақсаты – дүние табу емес, әрбір жүрекке салауаттың қадірін сезіндіру еді.
Жәрмеңкеге шәкірттер өз қолдарымен дайындаған түрлі дүниелерін ұсынды. Бұл – олардың еңбектері мен ықыластарын паш етіп қана қоймай, әрбір көрерменнің жүрегіне салауаттың шапағатын сездірді.
Іс-шараға 30-ға жуық шәкірт қатысып, жиналғандарға шаттық пен рухани тыныштық сыйлады. Бұл жәрмеңкеден қатысушылар дүние үшін емес, рух үшін үлес алды.
Әрбір айтылған салауат жүректерді жұмсартып, Алла Елшісіне ﷺ деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Осындай игі шаралар шәкірттеріміздің имани білімін нығайтып қана қоймай, қоғамымызға да рухани серпіліс береді.


