Облыстық мешітте 200 отбасыға “Рамазан қоржыны” үлестірілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті Рамазан айына орай өткен төралқа мәжілісінде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің Рамазан айында қайырымдылық шараларын жандандыруға байланысты үндеуі негізінде Маңғыстау облыстық орталық “Бекет ата” мешітінде «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық шарасы өтті.
Қасиетті Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасау ең сауапты да, қайырлы істердің бірі болып саналады. Осыған орай,ел анасы,дін жанашыры,жаны жайсаң Әбдімәлікқызы Бибіжамал анамыздың отбасы атынан аз қамтылған және көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі т.б санаттағы 200 отбасыға қайырымдылық көмек берілді.Ізгі шара барысында күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік салынған қораптар үлестерілді.
Шара соңында облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы барша жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап,демеушілік еткен қолы жомарт азаматтарға өз атынан, барша көмек алған жандар атынан шексіз ризашылығы мен алғысын айтып, Алла Тағаладан отбасыларына амандық, кәсіптеріне береке тілеп, дұға етті.
Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа.Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда қайырымдылық шарасына ұйытқы болған Бибіжамал анамыздың отбасына үлкен алғыс айтамыз!Алла тағала қасиетті айда жасаған сауапты амалдарыңызызды қабыл етсін!







