blog Images

ҰЛЫЛЫҚ АЙЫ-ЕРЕЖЕП

Мұсылман күнтізбесіндегі он екі айдың төртеуі қасиетті айлар болса, соның бірі – ережеп айы. Бұл жөнінде Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында былай дейді;

«Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі (зулқағда, зүлхиджа, мухаррам, ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар».

Ережеп сөзі «бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді ұлылығына орай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп – исламнан бұрын да арабтардың қастерлейтін, құрметтейтін айы саналған. Ежелгі арабтар қасиетті айда соғысуға тыйым салған. Тіпті, ислам келгенге дейін осы дәстүр араб халқында сақталып келген. Ислам діні келгеннен кейін бұл айға деген құрмет тіпті күшейе түсті. Бұл жайында қасиетті Құранда былай делінеді:

«(Мұхаммед с.ғ.с.) олар сенен құрметті айда соғысудан сұрайды. Оларға: «Ол айда соғысу зор кінә. Дегенмен, Алланың жолынан тию, Оған қарсы келу, Мешіт Харамнан тыю және оның тұрғындарын шығару Алла Тағаланың қасында тағы зор күнә» де. Сондай-ақ жауыздық, кісі өлтіруден де зор. Егер олардың шамалары келсе, сендерді діңдеріңнен қайтарғанға дейін өздеріңмен соғысуды үзбейді. Сендерден кім діннен қайтып, ол кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние, ақиретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады («Бақара» сүресі, 217-аят).

Алла Елшісі (ﷺ): «Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі ережеп айын оразамен өткізсе, Жаратушының мынадай үш жақсылығына ие болады:

1.Өткен күнәларын кешіреді;

2.Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды;

3.Қиямет күні Алла Тағала оның шөлін қандырады», – десе, тағы бір хадисте: «Кімде-кім ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған «Фирдаус» жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар», – деген мағынада айдың қадірін білдіретін хабарлар жеткен. Деседе бұл хадистерді «даъиф» хадистер санатына жатқызамыз. Амалға асыруға жарамсыз болса да мазмұны жағынан сауап амалдарға қызықтыру бабынан қабылдауға болады.   

Ережепте қасиетті екі түн бар. Яғни, ережептің алғашқы жұмасы рағайып түні, ал жиырма жетінші түні миғраж түні болып табылады.

Миғраж – сый берілген сапар

Қасиетті ережеп айына тиесілі кештің екіншісі – миғраж кеші. Яғни, ережептің 26-нан 27-не қараған түн «Исра және Миғраж кеші» деп аталады. Бұл тарихи оқиға Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдина қаласына һижрет етуден он сегіз ай бұрын болған. Алла Тағала адам баласы көрмеген көктегі аспан қабаттарын және пейіш пен тозақты көруді Пайғамбарымызға (ﷺ) нәсіп етті. Онда Алла Тағала Пайғамбарымызға (ﷺ) көптеген мұғжизалар көрсетті. Исра сапары мен оның сырын Құран былай баяндайды:

«Құлын (Мұхаммедті с.ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін мешіт Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші» («Исра» сүресі, 1-аят). Ал, Миғраж оқиғасы аятта былай аталады:

«Расында ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Тұрақтау ағашының жанында. Оның қасында Мәуа жәннаты бар. Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі таймады да үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді», – («Нәжім» сүресі, 13-18 аяттар). Сондай-ақ, келесі аятта:

(Мұхаммед с.ғ.с.) бір кезде саған: «Негізінде Раббың адамдарды баураған» деген едік. Саған Миғражда біз көрсеткенді және Құрандағы қарғалған ағашты адамдарға бір сынақ қылдық (өйткені, миғраж уақиғасына да, тозақтағы заққұм ағашына да сенбеген). Оларды қорқытуымыз, зор қателесуді ғана арттырады» – делінген («Исра» сүресi, 60-аят).

Пайғамбарымыз (ﷺ) миғраж оқиғасынан кейін Қағбаның жанына барып, халыққа миғраж оқиғасын айтып береді. Оны естіген кәпірлер мазақ етіп: «Мұхаммед ақылынан адасыпты», десті. Мұсылман болуға ниеттеніп жүргендер райларынан қайта бастады. Кәпірлердің біразы қуанып, Әбу Бәкірдің (р.а.) үйіне барады. «Керуен бiр айда әрең барып келетiн ұзақтықты Мұхаммед қалай басып өтедi?» деген сияқты мәнсiз сауал қоя бастайды. Сонда Әбу Бәкiр (р.а.) оларға: «Егер Мұхаммед (ﷺ) осыны айтқан болса, онда Ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», – дейді. Әбу Бәкірдің (р.а.) сөзіне кәпірлер таң қалысты. Айтатын сөз таппай, тарасты. Осы жағдай күмәні басым, иманы әлсіз адамдардың жүрегіне нық сенімділік ұялатты. Ал, ақиқатқа иланған Әбу Бәкірге (р.а.)  Алла Елшісі (ﷺ) «Сыддық» («Шыншыл») деген лақап ат берді.

Пайғамбарымыз (ﷺ) миғраж түнi өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн: «Уа, Раббым! Миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн», – деп дұға жасады. Миғраж түнiнде Пайғамбарымыздың (ﷺ) дұғасына мынадай үш сый жасалды:

1.«Бақара» сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты «Амәнәр-расул» уахи етiлдi.

2.Пайғамбарымызға (ﷺ) қиямет күнi үмбетiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте ол (ﷺ) күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан арашалайды.

3.Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз берілді.

Демек, бес уақыт намаз сыйға берілген ерекше құлшылық. Сондықтан бұл қасиетті миғраж түнін намазбен, Алланы еске алумен, дұға-тілекпен өткізген жөн. «Намаз – мүміннің миғражы», – деп Пайғамбарымыз (ﷺ) сүйіншелеген болса, ғұмырымыздағы әрбір намазымызды миғраж деп түсініп, Аллаға деген жақындығымызды арттырған абзал.