ТҮНДЕРДІҢ ҚАЙЫРЛЫСЫ – ҚАДІР ТҮНІ
Ардақты ағайын, қадірлі жамағат!
Баршаңызды берекесі мен сауабы мол Қадір түнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – Алла Тағала мұсылман үмбетіне нәсіп еткен ең қасиетті әрі ең қадірлі түндердің бірі.
Қасиетті Рамазан айы– мейірім мен кешірімнің, сабыр мен шүкіршіліктің айы. Бұл айда мұсылман баласы ораза ұстап, нәпсісін тәрбиелеп, жүрегін тазартуға, рухани тұрғыдан жаңаруға ұмтылады. Ал осы берекелі айдың ең ұлық әрі ең қадірлі сәті – Қадір түні.
Дәл осы қасиетті түнде адамзатқа тура жол көрсететін қасиетті Құран Кәрім түсіріле бастаған. «Қадір» сүресінде:«Қадір түні мың айдан қайырлы» деп баяндайды. Яғни, бұл түні жасалған әрбір құлшылықтың сауабы мың ай бойы жасалған ғибадаттың сауабымен тең.
Сондықтан бұл қасиетті түн – әрбір мұсылман үшін ерекше мүмкіндік. Бұл түні жүректі тазалап, шынайы ниетпен Алладан кешірім сұрап, дұға жасап, Құран оқып, ізгі амалдарды көбейткеніміз абзал. Себебі бұл түн – дұғалар қабыл болатын, мейірім мен рақым есіктері айқара ашылатын берекелі уақыт.
Осындай қасиетті сәтте Жаратқан Иеміз елімізге амандық, халқымызға бірлік пен татулық нәсіп етсін. Әрбір шаңыраққа тыныштық, береке мен молшылық беріп, жүректерімізге иман нұрын ұялатсын. Жасалған құлшылықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етіп, баршамызды Өзінің шексіз мейіріміне бөлесін.
Алла Тағала баршамызды Қадір түнінің шапағатына бөленген құлдарынан етіп, жасаған құлшылықтарымыздың сауабын еселеп жазғай. Әмин!
Құрметпен,ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имасы
Әнуар Ізімбайұлы