

УАҚЫТ ПЕН ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН БІЛУ
Әрбір сағатымыз бен күніміз – баға жетпес құндылық. Өткен күн қайтып келмейтіні белгілі. Сондықтан адам өмірі үшін уақыттың маңызы зор. Уақытсыз ештеңені елестете алмаймыз. Мәселен, аптамызды, жылымызды уақытқа сай жоспарлаймыз. Адам әрбір тыныс алуымен ажалына жақындай түсетінін естен шығармауы тиіс. Ислам бізге уақыт мәселесіне немқұрайлы қарамауды ескертеді. Ал, уақыт – адамға берілген аманат, оның өлшемі құнсыз.
Алланың «Асыр» сүресінде уақытпен ант етуінің астарында үлкен мән жатыр. Әсілінде, Алла сөзін дәлелдеу үшін ант етуге мұқтаж емес. Ғасырмен ант етуінің мақсаты – адамдарға уақыт жайындағы ойларының қате екенін ұқтыру. Екіншіден, уақытпен ант етілуі уақыттың маңызын меңзейді. Кейбір пенделер ұшырасқан қиыншылықтар мен жамандықты заманнан көреді. Нәтижесінде басына келген бақытсыздық үшін уақыт пен заманды кінәлайды. «Заман өзгерді», «заман бұзылды» деген теріс пікірді тарату дұрыс емес. Адамның бақытсыздығына уақыт пен заманның ешқандай зияны мен қатысы жоқ және оған тіл тигізуіне болмайды.
Әбу Һурайрадан риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жеткізеді: «Алла Тағала былай деді: адам баласы заманға тіл тигізеді. Ақиқатында, заман менікі, күндіз бен түн менің құзыретімде».
Заман, уақыт Алланың пендесіне берген ең қымбат нығметі болғандықтан, адам уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалануы тиіс. Бұл нығметті тиімді пайдаланбаса, екі дүниеде де зиянға ұшырайтындардың қатарынан болады. Әрине, «Асыр» сүресінде айтылғандай иман етіп, ізгі амал жасап, бір-бірлеріне ақиқатты насихаттап, сабырға шақырса, жамандықтан тыйылса, зиянға ұшырамай, екі дүниесі абат болмақ.
«Асыр» сүресін тәпсірлеген ғалымдар түрлі пікір айтқан. Мәселен, Фахруддин Рази есімді ғалым былай дейді: «Уақытты пайдалану тұрғысынан адам зиянға ұшырайды. Бұл зияннан құтыла алмайды. Ал, зиянға ұшырау деген сөз – жемісінен айырылу. Адамның жемісі – оның өмірі. Ал, өмірін босқа өткізбеген сәті тым аз. Өмірдің әрбір секунды оның ғұмырын азайтады. Егер адам өмірін күнәлармен өткізсе, үлкен зиянға ұшырайды. Ал, жақсы да ізгі амал жасау мүмкіндігі бола тұра, мүбах амалмен шектелсе, онда да зиянға ұшырайды».
Адамның өмірі әр минут сайын еріп таусылатын мұз секілді. Егерде өмірінде екі дүниелік пайдасы үшін амал етіп, әрекет етпесе, өкініші сол болмақ.
Құранда уақыттың қадірі жайында бірнеше аятта баяндалған болса (қараңыз: Юнус сүресі, 49; Фатыр сүресі, 36-37; Хаж сүресі, 47), ардақты Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да уақыттың қадірі жайында көптеген өсиеттер қалдырған.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Екі нығмет бар, адамдардың көбі оның қадірін білмейді. Ол – денсаулық пен бос уақыт».
«Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлім келместен өмірдің, ауру келместен денсаулықтың, шұғылданбастан бос уақыттың, қартаймастан жастықтың, кедей болмастан бұрын байлықтың».
Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатынын айтады:
1. Өмірін қайда өткізгендігі.
2. Жастық шағын қалай өткізгендігі.
3. Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы.
4. Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы.
5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі.
Адамның ең қымбат байлығы денсаулығы мен уақыты. Қазақ халқы адамның уақыт жасына қарай атаулар беріп, әр шақтың өзіндік маңызы
бар екенін айтып кеткен. Бұл атаулардың жайжапсары кітаптың алдыңғы бөлімдерінде айтылды.Халқымыз көнеден бері адам жасына байланысты түрлі атаулар берсе, отбасы тәрбиесінде және қоғам өмірінде сол жас ерекшеліктер бойынша аталып, ақыл-кеңес беріліп отырған. Қала берсе өлең-жырларға да қосқан.Әрине, мұндай жас ерекшеліктердің атауы әр ұлтта бар дәстүр. Бірақ қазақ халқының бұл атаудағы дәстүрі ерекше.
Шариғат бойынша жергілікті қолданыстағы дәстүр дінге қайшы болмаса, ондай дәстүрді жалғастыруға, ұстануға рұқсат етеді. Жоғарыда аталған жас ерекшеліктеріне байланысты қолданылған атаулар діни сенім мен қағидаларға қайшы болмағандықтан, бабаларымыз өз тұрмыс тіршіліктерінде дәстүр ретінде тастамады. Ал Ислам діні бойынша мұндай жас ерекшеліктері бар ма деген сұрақ туындайтыны анық.Дінде жас ерекшеліктерінің атауына қатысты арнайы ереже болмағанымен кейбір жастар жайында айтылған.Шариғатта адам жасына қатысты айтылған мәселелер негізінен құлшылықпен байланысты болмақ. Мәселен,мына хадисте баланы 7 жастан бастап намаз оқуға үйрету бұйырылады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаларыңыз жетіжасқа келген шақта намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса (жалқаулық танытса),ұрып қойыңдар. Төсекте олардың жатын орнын бөлек жатқызыңдар» (Әбу Дәуіт риуаяты).
«Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оныңмына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды. Алла Елшісі осы сөздерді айтқан кезде қолдары мен жүзіне ишарат еткен еді» (Әбу Дәуіт риуаяты) Дінімізде 40 жас мәселесі де айтылып өткен.Шариғатта 40 жас адамның кемелденген, ақыл тоқтатқан,бала-шағаның тауқыметін білетін жас ретінде айтылады. Сол секілді осы жаста көптеген пайғамбарлар пайғамбар болған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да 40 жасында пайғамбар болғанын білеміз.
Дінімізде 63 жас «Пайғамбар жасы» деген түсінік қалыптасқан. Себебі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз 63 жасында қайтыс болған еді. Пайғамбарымыздың үш халифасы да 63 жасында қайтыс болған. Қожа Ахмет Яссауи 63 жасына келген соң Пайғамбарға деген құрметпен жер асты мешітінде, яғни қылуетханаға кіріп, қалған ғұмырын өткізуі халқымыз арасында кеңінен тараған әңгіме. Сондықтан 63 жасқа толғанда «Пайғамбар жасына» келдім деп атау дәстүрі қалыптасты.
материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,