Тәбәрік сөзінің мағынасы
Тәбәрік сөзін кейбір өңірлерде теберік деп те атайды. Негізі «тәбәрік» сөзі бізге араб тілінен енген. Мағынасы «береке тілеу» деген мағынаны білдіреді. Әр-Рәғиб әл-Әсфахани былай дейді: «Береке бір нәрседе иләһи жақсылықтың тұрақталғанын аңғартады». Ибн Манзур: «Береке – өсу, арттыру деген мағынада. Тәбәрік – адамға немесе басқа нәрсеге береке тілеп, дұға ету», – деген. Ал қазақ тіліндегі «тәбәрік» сөзінің мағынасын: қайтыс болған үлкен жастағы адамның құдайы асы кезінде алынатын затқа айтылады. Әдебиеттерде: атамның көйлегін жұрт тәбәрікке үлестіріп әкетті. Олжа, үлес, сыйлық. Қыз бұйымы – жігітке тәбәрік (мақал), естелік үшін алынатын не пайдаланатын қастерлі зат, – деп түсіндіреді. Кейде тәбәрік тойдан да, бәйгеге, жарыстан жеңген қуанышты сәттерде де алынады. Тәбәрікті кейде сұрап алуға да болады.
Қазақ халқы әдетте тәбәрікті көп жасап, салиқалы ғұмыр кешіп, немере-шөбере көріп қайтыс болған егде жастағы қария кісінің жерлеуінен кейін естелік ретінде, өзі де сол кісі сияқты ұзақ жасауды, өсіп-өнуді тілеп ырымынан алады. Тәбәрік қайтыс болған кісінің киген киімдерінен немесе арнайы жыртыстардан беріледі.
Қазақ халқы тәбәрік сөзін дүниеден өткен кісінің киімдеріне қолданған. Алла Елшісінің шапанын себепкер етіп Алладан дұға тілеу сахабалар мен табиғиндердің заманында көрініс тапқандықтан қазақ жұртының бұл дәстүрін жоққа шығара алмаймыз.
Бұл дәстүр мұсылмандық дүниетаным негіздерінен сабақтасып, шектен шыққандықты, яғни, діндегі жаңалық болып есептелетін бидғат немесе шариғатқа қайшы келетін істердің қатарында емес, керісінше, өткен жақсы адамдардың ісін, естелігін қадірлеу ұғымында жатқандығы талас тудырмайды. Қысқаша айта кетер болсақ, дінімізде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашын, қолданған ыдыстарын, киімін ұстау, сүю, сүрту арқылы тәбәрік жасауға рұқсат етілген. Мұндай ісі сахабалар сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде жасаған. Алла Елшісі мұндай іске тыйым салмаған. Себебі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) денесі, киген киімі, пайдаланған ыдыс-аяқтары берекелі саналған. Бұл мәселе жайында ислам ғұламалары арасында ешқандай керағар пікір, келіспеушілік жоқ.
Умму Атиядан жеткен бір риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызының жуындырмақ жатқан әйелдерге «изәрін» (жамылғы, жамылиш) беріп:
أَشْعِرْنَهَا إِيَّاهُ
«Оған мынаны жабыңдар», – деген. Жамылғының жабудың негізгі мақсаты тәбәрік ету болған. Асмә бинт Әбу Бәкірден жеткен мына бір риуаятта:
هَذِهِ جُبَّةُ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، كَانَتْ عِنْدَ عَائِشَةَ، فَلَمَّا قُبِضَتْ عَائِشَةُ قَبَضْتُهَا، وَكَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَلْبَسُهَا، نَحْنُ نَغْسِلُهَا لِلْمَرْضَى نَسْتَشْفِي بِهَا.
«Бұл Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапаны. Ол қайтыс болғанша Айшаның қолында болды. Ол Алланың рақымына қауышқанда менің қолыма өтті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киген шапанын біз жуып, суын ауру адамдарға шипа ретінде қолданатын едік», – делінеді. Бұл Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты дүниелермен тәбәрік ету мәселесі екендігі ақиқат. Ал салиқалы ізгі құлдарға келсек, жоғарыдағы дәлелдердің барлығы салиқалы адамдардың да киімімен, ыдыс-аяқтарымен т.б. тәбәрік етудің болатындығын қамтиды. Бұны имам Нәуауи, Ибн Хажар т.б. мухаддис ғалымдар қуаттаған.
Имам Нәуауи (Алла оны рақымына алсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапанымен шипа тілеу хадисінің соңынан: «Бұл хадис салиқалы адамдардың киімдерімен т.б. тәбәрік ету сауапты іс екендігінен дәлел болады», – дейді.
Түйіндеп айтқанда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және салиқалы жандардың киімдерімен, ыдыс-аяқтарымен т.б. тәбәрік етуге рұқсат етіледі. Осыны негізге алып, қазақ халқының дәстүрінде жасы үлкен қария ата, әже дүние салғанда оның бір затын тәбәрік ретінде алу түсінігі қалыптасқан.