БАС ИМАМНЫҢ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті,Маңғыстаулықтар!Қадірменді жамағат!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырады. Негізінде құрбан шалу тарихы сонау Адам ата (ғ.с.) дәуірінен бастау алып, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) – тың жолы болып қалыптасып, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) – тен жалғасын тапқан ұлық ғибадат.
Құрбан шалу – Ханафи мазһабы бойынша уәжіп. “Құрбан” сөзі “жақын болу”, “жақындау” деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Құрбан шалған мұсылман ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады.
Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.
Құрбан айт мерекесі қарсаңында дініміздегі бес парыздың бірі қажылықты өтеуге қасиетті Мекке – Мәдинаға аттанған жерлестерімізге сәтті сапар тілейміз. Жасаған ғибадаттары мен дұға – тілектері қабыл болып, елге аман-есен оралсын.
Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде айналамызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік. Сондай-ақ, ата-анамызды, ағайын-туыстарымызды, көршілерімізді айтпен құттықтап, бала-шағамызға бұл күннің қадірін түсіндіру мақсатында сыйлықтар беріп, қуанышты көңіл-күй сыйлау да сауапты амалдан.
Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз, мереке құрметіне жайылған ақ дастархандарыңыз, шалған құрбандықтарыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Береке – бірліктің ұйтқысына айналған сүйікті Отанымыз Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы жарасып, Жаратушы Иеміз халқымызға бейбітшілік, жерімізге құт– береке, нәсіп етсін!
Әр отбасына амандық, бақ – береке, шаттық, ынтымақ және толағай табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел іргесі аман болсын!
Ізгі ниетпен,
ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша
бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы